Әлеумет

Нәрестеге ат қоярда ойланыңыз

27 Дек, 2018

Ой түрткі

Ата-ананың өз перзенті алдында бес парызы бар көрінеді. Соның бірі баласына заманға сай есім беру. Бұл мәселеге атүсті қарауға мүлдем болмайды. Балаға ат қою – аса маңызды рәсім. Тілді түзеу, тіл мәдениетін жетілдіру сәбиге ат қоюдан басталады. Біз көп жағдайда Бақыт, Жеңіс, Бейбіт, Сапар, Ардақ секілді есімдерді қыз адамдарға қоя береміз. Арнау­лы мамандардың пайымдауынша, мұндай есімі күрделі адамдардың тағдыры күрделі шиеленіскен оқиғаларға толы болып келеді екен. Менің қызымның сыныптасы үнемі біздің үйге келіп жүретін. Бір күні әлгі балақайдан есімін сұрасам Индира болып шықты. Үйіміздің жанында азық-түлік дүкені бар. Оның атауы «Аида». Содан бұл есімдер қандай мағына береді екен деп орталық кітапханаға барып, кітап ақтарайын… Сөйтсем, Индира – үнді әйелдерінің тәңірі, ал Аида – гректердің әйел тәңірінің аты. Бұл – Ислам дінінің шартына қарсы. Көршімнің сүп-сүйкімді қызының аты – Венера. Бұл – ежелгі Римдегі махаббат, сұлулық тәңірісі. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бұл атаулардың біздің балаларымызға қатысы қанша? Шаранаға азан шақырып ат қоярда, бұл есім қандай мағына береді деп неге бас ауыртпаймыз?! Қазақ малға ат қоюға келгенде, оның түр-түсіне, мінезіне ерекше назар аударады. Ал, өзі дүниеге әкелген адам баласына келгенде, қалай болса, солай қарайтыны өкінішті. Ат адамның абыройы екенін неге ұмытамыз. Психолог-мамандар  «ат қою – өте маңызды іс, өйткені бұл адамның тағдырына әсер етеді» – деп жазады.
Қазақ – ырымшыл халық. Баланың атын қалай болса, солай ұйпалақтап қоя салса, тіл-көзден аулақ болады деп сенеді. Азып-тозған жоқшылықта дүние есігін ашқан нәрестелерге Боқты, Битті, Құртты, Қылшық деген таңбалы есім тағу жарық дүниені анық көретін қазаққа бұйым болмаған. Наурызда туған бала Наурызбай, іңірде туған бала Іңірбай, қауындықта туған бала Қауынбай боп кете береді. Ғайыптан тайып түйенің қомында дүниеге келсеңіз, Түйебай болуыңыз ғажап емес. Біздің қазақта Спартак, Дияс, Рафаэль деген халықаралық есімдер де бар. Карл, Марк, Эдик, Кармелита, Аделья, Арсен, Жизель деген есімдер де қазақ үшін таң емес.
Әдемі есім Сіздің балаңыздың «визитная карточкасы» екенін ұмытпаңыз.

Сарша СҮГІРӘЛІ,
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері

Опубликовано в Әлеумет